
Үкімет облыстағы ахуалды бақылауға алды.
Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновке әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Жамбыл облысында орын алған жер сілкінісіне байланысты жергілікті атқарушы органдарға жағдайды талдау, жедел шаралар қабылдау, келтірілген шығынды анықтау және бағалау мәселелерінде көмек көрсету үшін төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы өңірге жіберілді.
Сондай-ақ жұмыс тобы құрамында – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы, "ҚазҚСҒЗИ" АҚ филиалының басшылығы, Үкімет Аппаратының өкілдері бар.
Премьер-министр бірінші кезекте әлеуметтік нысандардағы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы, жол қатынастары мен өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жағдайды басым тәртіппен бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар нысандарды тексеру, шығындарды бағалау және деректерді жинау бойынша мобилді топтардың санын көбейтуді тапсырды.
Еске салайық, бүгін, 28 наурыз күні күндіз Жамбыл облысында жер сілкінді.
Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 323 шақырым жерде орналасқан.
Жамбыл облысындағы сезімталдығы туралы мәліметтер:
- Мерке ауылы 4.5 б;
- Құлан ауылы 4.1 б;
- Шу қаласы 2.4 б;
- Төле би ауылы 2.3 б;
- Сарыкемер ауылы 2.3 б;
- Тараз қаласы 2.2 б;
- Қордай ауылы 2.1 б;
- Аса ауылы 2.0 б.
Сурет: Ақорда