
Еңбектің авторы италиялық филолог Фьоренца Боски.
Италиялық филолог Фьоренца Боскидің бұл еңбегі қазақ ақынының әлем әдебиетіндегі орыны мен еліміздің рухани мұрасына қосқан үлесін тереңінен талдайтын зерттеу.
"Өзге халықтың поэзиясына үңілу — өз жаныңда да жаңа көкжиектерге терезе ашу". Италиялық әдебиеттанушы, филология пәнінің оқытушысы Фьоренца Боски Абай Құнанбайұлы туралы зерттеуін осындай оймен бастайды. Оның бұл еңбегі — қазақ ақынына арналған көлемді мақаласының алғашқы бөлігі Италиядағы танымал мәдени-тарихи Linea Tempo журналында жарық көрді .
"Қазіргі италиялық қоғамда жаңа мәдениеттерді, поэзияны тануға деген қызығушылық артып келеді. Бұл түпнұсқадан жасалған сапалы аудармалардың арқасы деп ойлаймын. Абаймен таныстығым да дәл солай басталды: 2020 жылы Президент Тоқаевтың бастамасымен оның шығармалар жинағы итальян тіліне аударылды. Мақала жарияланған журналды мәдениеттанушылар, профессорлар, мұғалімдер оқиды, яғни қазақ мәдениетін тереңірек тануға ынталы орта. Меніңше, бұл еуропалық авторларға Қазақстан мәдениетін зерттеуге үлкен түрткі болмақ", - филолог, Абай туралы мақала авторы Фьоренца Боски.
Өз зерттеуінде Фьоренца қазақ тілін әзірге білмейтінін жасырмайды. Алайда Абайдың итальян тіліне аударылған өлеңдер жинағын алғаш қолға алып, ақынның философиялық тереңдігі, сөз өткірлігі мен ирониясына таңғалған. Екі жыл бойы шығармаларын оқып-зерттеген автор, мақаласында шығыстың бай ауыз әдебиеті мен Еуропаның қазіргі заманғы философиясының ерекше үйлесімі туралы жазады.
"Абайдың шығармашылығы еуропалық оқырманға таңсық әрі бай әлемді ашады. Еуропа мәдениетінен өзгеше болса да көшпелі халықтың дүниетанымымен, дала өмірінің құндылықтарымен жақын танысуға мүмкіндік береді. Абайдың поэзиясында ортақ бір желі бар — ол адамгершілікке шақыру. Бұл барша халық пен елді біріктіретін, әрқашан өзектілігін жоймайтын құндылық", — дейді мақала авторы.
Мақалада Абайдың балалық шағы, отбасынан алған тәрбиесі, білімге ұмтылысы мен қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы ролі туралы терең талдау жасалған. Ал ақынның поэтикалық әдістерін саралауға арналған мақаланың екінші бөлімі Linea Tempo-ның тамыз айындағы номерінде жарық көрмек.
Сурет: видеодан скриншот