Қазақстанда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бұзылып жатыр. Бұл туралы LS-ке өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, 2023 жылдың басынан бері қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған 36 келісімшарт бұзылған. 2022 жылы 92 келісімшартты бұзу және қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге 183 лицензияның қолданылуын тоқтату бойынша шаралар қабылданды. Лицензиялық-келісімшарттық талаптарды бұзу туралы 1,8 мың хабарлама жіберілді.

Ағымдағы жылы келісімшарттық міндеттемелер орындалмағандықтан 36 шарттың күші жойылған.

"Біз шарттардың орындалуына мониторинг және бақылау жүргіземіз. Бұзушылықтар анықталып оларды уақтылы жоймаған жағдайда осы шаралар қабылданады", — деп түсіндірді өнеркәсіп министрлігінде.

Қайтарылған пайдалы қазбалар кен орындары жаңа инвесторларды тарту және одан әрі игеру мақсатында ашық аукциондарға шығарылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін LS редакциясы Қазақстан алтын және титан кен орындарын игеру жөніндегі келісімшарттарды бұзып жатқанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ, мемлекетке 5 трлн теңгеден астам қоры бар бірегей никель және кобальт кен орны қайтарылды.