Үсен Сәкенұлы 1995 жылы 23 сәуірде Аягөз қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Абай облысының Үш-Биік ауылында өткен. Оның айтуынша, сурет өнеріне деген қызығушылығы бала күнінен басталған.

“2013 жылы Ақтайлақ би атындағы мектепті аяқтап, сол жылы Шәкәрім университетіне оқуға түстім. 2013–2017 жылдары “Бейнелеу өнері және сызу” мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алдым. Ал 2017–2019 жылдары “Педагогика және психология” мамандығы бойынша магистратураны тәмамдадым. Сурет өнеріне келуім бала кезден басталды. Мектепте әртүрлі газет-журналдардағы суреттерді, кітаптардағы бейнелерді, теледидардан көрген мультфильм кейіпкерлерін қайта салып, жаттығатынмын. Сол кезде көзбен көрген дүниені есте сақтап, қағазға түсіруге қызығушылығым артты. Ең алғаш салған суреттерімнің бірі – өзіміздің қарашаңырақтың бейнесі. Ол сурет әлі күнге дейін мен үшін ыстық естелік болып қалды”, — дейді суретші.

Суретшінің айтуынша, кез келген шығармашылық туындыда ең маңыздысы – композиция мен идеяның үйлесімі.

“Сурет салғанда ең алдымен композицияға мән беремін. Яғни, туындыдағы әрбір бөлшек, түс пен сызық бір-бірімен үндесіп тұруы керек. Қарындашпен салынған сурет болсын, бояумен орындалған жұмыс болсын – бәрі ортақ бір идеяны жеткізуі қажет. Сонда ғана шығарма толыққанды туындыға айналады”, — дейді Үсен Шаяхметов.

Оның сөзінше, бір суретті аяқтауға кейде 20–25 сағатқа дейін уақыт кетеді. Бұл көбіне шабыт пен көңіл-күйге байланысты.

“Кейде шабыт келіп, жұмыс тез жүреді. Ал кейде бір суретті бірнеше күн бойы жалғастырып салатын кездер болады. Өнер адамы сезімтал келеді ғой. Көңіл-күй болмаса, ойдағыдай шықпайды. Сондықтан әр жұмысты ішкі сезіммен байланыстырып орындаймын”, – дейді ол.

Суретші жастар арасында талантты жандар көп екенін, алайда тәжірибе мен табандылықтың маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

“Жас суретшілерге ең алдымен тәжірибе жетіспейді деп ойлаймын. Өнерде үздіксіз ізденіс пен еңбек маңызды. Көп сурет салып, өзіңді дамыту керек. Сонда ғана шеберлік қалыптасады”, — дейді Үсен.

Үсен Сәкенұлы түстердің де мінезі болатынын айтады. Оның ерекше ұнататын түстерінің бірі – краплак.

“Краплак – өте мінезді түс. Бордоға ұқсайды. Оны көк түспен араластырсаң күлгін реңк береді, ал қызылмен қоссаң қою әрі терең түс шығады. Кейбір түстердің эмоциясы болады, сондықтан оларды дұрыс үйлестіру маңызды”, — дейді суретші.

Айта кетейік, Үсен Шаяхметов 2022 жылы Семей қаласындағы Абай музейінде жеке шығармашылық көрмесін өткізген.

“Абай музейінде Қуат Қиықбай ағамыздың қолдауымен жеке шығармашылық көрмемді ұйымдастырдық. Ол мен үшін үлкен тәжірибе әрі шығармашылығыма жаңа серпін берген маңызды оқиға болды”, — дейді Шаяхметов Үсен.

Қазіргі таңда Үсен Сәкенұлы Назарбаев Зияткерлік мектебінде еңбек етіп жүр. Сонымен қатар, ол балаларға сурет салудың қыр-сырын үйретіп, жас таланттардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлес қосып келеді.