Кино және театр актёрі Еркебұлан Дайыровтың анасы ұлынан мама деген сөзді естуді армандайтынын айтты.

Актёрдің анасы бұл туралы Аман Тасығанның "Алғашқы" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Мен ата-енеге бала беруге қарсы емеспін. Бірақ, мынау әкең, мынау шешең деп айтқан дұрыс. Мен босанбай тұрған кезде ата-енем егер біріншісі ұл болса, біздің бала болады, аузыңды ашпа деді. 5 жылдыққа бардым, сонда маған томпаңдап келді. Ата-енемнің көңіліне қарап, баланың түріне қарауға батылым жетпейді. Бір уақытта маған келіп көкірегімді ашып жібергенде не істерімді білмей қалдым. Бір күн бармыз, бір күн жоқпын, мама деген сөзді естіп кету арманым", — дейді актёрдің анасы.

Актёрдің өзі ата-әжесінің де, ата-анысының да махаббатынан кенде болмағанаын айтады.

"Анамды (әжесі — ред)сағынып жүрмін. Мен ата-әжемнің де, өзімнің әке-шешемнің де үлкен махаббаттарына да толыққанды малынып өскен баламын. Соның бәрі аяқ асты тоқтап қалған кезде бір жетістікке жетсең де, киноға өтсең де, ол кино шықса да ең бірінші ер азамат шешесіне хабарласады ғой. Қуанышымен анасымен бөліскісі келеді. Әр сөйлескен сайын мама мені қаншалықты жақсы көресің деп сұрайтынмын. Неге олай сұрайтынымды өзім де білмеймін. Ол кісі сені қайта туып алып жақсы көргім келеді дейтін. Ол кісі менің әжем ғой, бірақ арада осыншама түсініксіз мықты сезімнің болуын айтып түсіндіре алмаймын. Өзімді өмірге әкелген анамды тәте деймін. Ол кісіге әркез тәте деген сайын оның астарында мама деген сөз жатыр ғой. Міндетті түрде сөзбе-сөз айтудың керегі жоқ шығар. Ол кісіні де қатты жақсы көремін", — дейді Еркебұлан Дайыров.

Актёр студияда журналистің айтуымен өмірге әкелген анасына қоңырау шалып, тұңғыш рет "мама" деді.

"Рақмет мама", — деді анасының арманын орындаған актёр. Ұлына "не дедің" деген анасы "мама" деген сөзді қайталауды өтініп, ұлын ерекше еркелетті. Алғаш рет анасына "мама" деген Еркебұлан Дайыровтың өзі де көңілі босап, телефонды тез қоюға тырысты.

Желі қолданушылар баланы ата-әжесінің тәрбиесіне беру балаға психологиялық травма болатынын жазуда.

"Қаншама ата-әжелер осылай балаға травма салды. Осындай тәрбиенің түкке қажеті жоқ.", Бұл жайды тек кемпір шалдың балалары түсінеді", "Мама деп айтуға өмір бойы аузымыз бармай, шешей дүниеден өтті. Неге айтпадым бұд күндері өкінемін", "Сол үшін кемпір шалдың баласы деп ата-анасының махаббатынан айырмай керек. Әркімнің өз рөлі бар", — деп жазды олар.