Көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережесін 73 рет бұзған.
Мәселе Сейфуллин даңғылы мен Мақатаев көшесінің қиылысында полиция қызметкерлері ұстаған Toyota Land Cruiser көлігінің иесі туралы болып отыр. Автоматтандырылған бағдарламалық жүйелерден алынған мәліметтерге сәйкес, жол талғамайтын көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережесін 73 рет бұзған.
Айыппұлдың жалпы сомасы 2 миллион 223 мың теңгені құрады.
Бұл бұзушылықтардың барлығы қаланың бейнежүйелері арқылы тіркелген. Сонымен қатар автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жалған екені анықталды. Көлік айыппұл тұрағына орнатылды, көлік иесіне қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Бұрын хабарланғандай, Алматы полициясы жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін пайдаланатын, көліктеріне арнайы белгі беру құрылғыларын орнатқан, көлік құралын мас күйінде басқарған және төленбеген айыппұлдары бар көлік жүргізушілерін анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басқаша айтқанда – қауіпті жүргізушілер.
Алматы полициясы тұрғындарға әкімшілік айыппұлды дер кезінде төлеу керектігін тағы да еске салып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Сурет: Polisia.kz